Қыркүйектің 11-інде Алматы қаласы Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығынан Қызылордада 2024 жылғы шілденің 28-інде болған өрттен зардап шеккен екі жасөспірім үйге шығарылды.

Естеріңізге сала кетейік, 31 шілде мен 1 тамызда жағдайы өте ауыр төрт зардап шеккен жасөспірім санитарлық авиациямен шұғыл түрде Алматыға жеткізілді.
Жасөспірімдер 28.07.2024 ж. жеке үйдің бірінде болған табиғи газ жарылысынан қатты күйік алған. Алғашқы кезеңде зардап шеккендер Қызылорда қаласы Облыстық балалар ауруханасының реантмация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылған. Олардың өмірі аса ауыр жағдайда болған соң Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және БЖМККО директоры А.М.Смағұловпен келісе отырып, 31 шілде және 1 тамызда олар санитарлық авиациямен Алматы қаласы ШЖҚ «Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығы» КМК-ға жеткізілді.

Бүгін, емделудің 42-күні, екі науқас, 14 жастағы ұл мен қыз, ауруханадан үйге шығарылды. Қазіргі кезеңде олардың емделуі толығымен аяқталып, жағдайы жақсарып, олар үйіне Қызылордаға аттанады.

«Орталықтың реаниматологтары екі апта бойы жансақтау бөлімі жағдайында ұл баланың өмірі үшін күресті, оның жағдайын тұрақтандыру үшін тәулік бойы қарқынды шокқа қарсы терапия жүргізілді, содан кейін науқас мамандандырылған күйік бөліміне ауыстырылды. Өрт кезінде жасөспірім 79%/IIIAБ-IV дәрежелі термиялық күйік алған және II-III дәрежелі күйіктік шок шалған», — дейді Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы директорының орынбасары Дінмұхаммед Рузуддинов.

Жасөспірімдер бір ұшақта жеткізілді, қыз бала 31 шілдеде Алматы қаласы Балалар жедел медициналық жәрдем орталығына жатқызылды. Ол 9 күн жансақтау бөлімінде жатып, дәрігерлер күйік ауруымен тәулік бойы күрескен. Жағдайды тұрақтандыру үшін шокқа қарсы қарқынды терапия да жүргізілді. Науқасқа 55%IIIABБі термиялық күйік, II-III дәрежелі күйіктік шок диагнозы қойылды.

Екі пациентке де Орталықтың комбустиологтары Раджа Жұмаділдаев пен Гүлшарат Жүсіпқалиева теріні ауыстырып орналастыру (аутодермопластика) отасын жасады.

«Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында болған уақытта оларға жеке дәрігерлік пост қамтамасыз етілді. Бүгінде екі науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады, отадан кейінгі кезең асқынусыз өтті, трансплантаттар толығымен тамыр тартты. Енді балалар тұрғылықты жерінде бақыланады, оларға күтім жасау және одан әрі оңалту бойынша барлық ұсыныс берілді», — дейді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының күйік бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласының бас штаттан тыс балалар комбустиологы Раджа Жұмаділдаев.

Орталықтың хабарлауынша, Қызылордада табиғи газ жарылысынан зардап шеккен тағы екі науқас ауруханада әлі де ем алып жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр. Жасөспірімдердің біріне кезеңдік аутодермопластика отасын жасау жоспарланған.

Қызылордада газ жарылды: алматылық дәрігерлер зардап шеккен екі науқасты үйіне шығарды