
Алматыда алғаш рет туа біткен ақаулары бар балаларға тізе қақпақшасын тұрақтандыру бойынша артроскопиялық операциялар жасалды.
Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында (БШМЖО) тізе буынына жасалатын аз инвазивті хирургиялық әдіс — балалар артроскопиясы қарқынды дамып келеді. Бұл тәсіл тізе буынының туа біткен және жүре пайда болған патологияларын өмір бойғы мәселеге айналдырмай, дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді.
Өткен аптада орталықта балалар артроскопиясына арналған халықаралық шеберлік сабағы өтті. Оған Ресейдің жетекші маманы, жоғары санатты дәрігер, травматолог-ортопед, Санкт-Петербург мемлекеттік педиатриялық медицина университетінің балалар ортопедиясы бөлімінің меңгерушісі Владислав Авраменко қатысты. Іс-шара «Мейірімділік ерікті қоғамы» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Үш күн ішінде мамандар тірек-қимыл жүйесінің туа біткен ақаулары, спорттық және тұрмыстық жарақаттары бар 15 балаға кеңес беріп, нәтижесінде 8 артроскопиялық операция жасады.
Орталық бөлімшесінің меңгерушісі Мейржан Курманалиевтің айтуынша, Алматыда алғаш рет дисплазиялық синдромдар, туа біткен ақаулар және тізе тобығының тұрақсыздығы кезінде аз инвазивті тұрақтандыру операциялары орындалды.
“Бұған дейін мұндай оталар ашық әдіспен жасалып, оңалту мерзімі бір жылға дейін созылатын. Жаңа тәсіл қалпына келу уақытын едәуір қысқартады — балалар 3–6 ай ішінде белсенді өмірге қайта оралады”, — дейді ол.
Сонымен қатар алдыңғы айқаспалы байламның буынішілік зақымдарына, тізе буынының ішіндегі шеміршек патологияларына және ревматологиялық аурулар кезіндегі хондромды денелерді алып тастауға бағытталған операциялар жүргізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, артроскопиялық әдіс қолданылған жағдайда қайталану қаупі 5 пайыздан аспайды. Орталықтан шығарылған барлық балалардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған.
Балалар артроскопиясы БШМККО тәжірибесіне 2020 жылдың қаңтарында енгізілді. Алты жыл ішінде қызметті жүйелі қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды: ҚазҰМУ-дың балалар хирургиясы және травматология кафедраларымен бірлескен жобалар жүзеге асырылып, 2024–2025 жылдары «BI Жұлдызай» қайырымдылық қоры мен «Мүмкіндік» бағдарламасының қолдауымен тұрақты шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Барлық операциялар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін жасалады. Қызмет тек алматылық балаларға ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен келетін науқастарға да қолжетімді.
2025 жылы орталықта тірек-қимыл жүйесіне қатысты 180 артроскопиялық және өзге де операция орындалды. Ота жасалған балалардың барлығы толыққанды өмірге оралып, олардың көпшілігі спортқа қайта қосылған. Қазіргі таңда көрсетілетін медициналық көмектің ауқымы, соның ішінде ревматологиялық патологиялар бойынша, кеңейіп келеді.
Шеберлік сабағына Қазақстанның әр өңірінен 10 дәрігер қатысты. Орталық басшылығы балалар артроскопиялық қызметінің толыққанды жұмыс істеп тұрғанын атап өтіп, еліміздің барлық аймағынан келетін пациенттерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту жұмыстарын жалғастырып, оны республика көлемінде қолжетімді етуді көздейді.
