Алматыда неонаталдық хирургтер, реаниматологтар, неонатологтар және пренаталдық ультрадыбыстық диагностика мамандарының кезекті тоқсан сайынғы кездесуі өтті. Жиында асқазан-ішек жолының туа біткен ақаулары, соның ішінде жоғары ішек өтімсіздігі мен он екі елі ішектің атрезиясы мәселелері қаралды. Сонымен қатар пренаталдық диагностиканың өзекті бағыттары талқыланды.

Баяндаманы Алматы қаласының штаттан тыс бас балалар хирургі, Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігері Мейіржан Құрманәлиев жасады.

Он екі елі ішектің атрезиясы — жаңа туған нәрестелердегі жоғары ішек өтімсіздігінің жиі себептерінің бірі және туа біткен даму ақауларына жатады. Зерттеулерге сәйкес, бұл патология орта есеппен дүниеге келген 5–10 мың сәбидің біреуінде кездеседі және ішек атрезияларының жалпы санының 50%-ына дейінін құрайды.

Жағдайлардың шамамен 30%-ында он екі елі ішек атрезиясы Даун синдромымен қатар жүреді. Сондай-ақ ілеспе патологиялар да жиі анықталады. Олар: ішектің мальротациясы, туа біткен жүрек ақаулары, өңеш атрезиясы, бүйрек аурулары және анальды атрезия. Ақаудың пайда болу себебі ретінде құрсақішілік даму кезеңінде ішек түтігінің қайта қалпына келу (реканализация) үдерісінің бұзылуы қарастырылады.

Мейіржан Құрманәлиевтің айтуынша, Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында 2019–2023 жылдар аралығында осы патологиямен 25 жаңа туған нәрестеге ота жасалған. Олардың 17-сі ұл (68%), 8-і қыз (32%).

«Науқастардың стационарға түскендегі орташа жасы шамамен бір жарым тәулік болды. Бір жағдайда ғана сәби туғаннан кейін 21-ші тәулікте жеткізілген. Шала туғандардың үлесі 68%, ал уақытында туғандар — 32%. Туған кездегі орташа салмақ 2545 граммды, Апгар шкаласы бойынша орташа көрсеткіш 6,8 балды құрады», — деді ол.

Жүктіліктің 72%-ы асқынулармен өткен: токсикоз, қағанақ суының көптігі, анемия және жедел респираторлық вирустық инфекциялар тіркелген. Ал әйелдердің 28%-ында жүктілік айтарлықтай қиындықсыз өткен. Жаңа туғандардың бір бөлігінде ілеспе туа біткен ақаулар анықталған.

Он екі елі ішек атрезиясы шұғыл хирургиялық араласуды талап етеді. Мұндай оталар Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жасалады.

Отадан кейін нәрестелерге қарқынды бақылау мен күтім қажет, бұл көмек жаңа туғандар реанимациясы бөлімінде көрсетіледі.

Мамандардың мәліметінше, операциядан кейінгі кезеңде науқастарда ас қорыту бұзылыстары тіркелмеген. Тамақтану қиындығы немесе эпигастрий аймағындағы ауырсыну жөнінде де шағымдар болмаған.

Алматыда жаңа туған нәрестелердегі туа біткен даму ақауларын ерте анықтау мен емдеу мәселелері талқыланды