Балалар хирургы, профессор А.С.Сулаймановтың 85 жылдығына арналған «Балалар хирургиясы, анестезиологиясы және реаниматологиясында өзекті мәселелер» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Өзбекстан Республикасының балалар хирургтері, анестезиологтары және реаниматологтарымен қатар балалар мен неонотальды хирургия саласындағы жетекші мамандар жиналды.
Алматылық дәрігерлер балалардағы асқазан ойық жарасын емдеудің эндовидеохирургиялық әдісі және жаңа туған нәрестелердегі өңеш атрезиясын лапароскопиялық түзету бойынша озық тәжірибелерімен бөлісті.
Бұл бағытта Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы Орталық Азияның басқа клиникаларына қарағанда басымдыққа ие. Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының дәрігерлері бұл әдісті шебер меңгерген және көптеген жылдар бойы мұндай даму ақауы бар жүздеген жаңа туған нәрестеге ота жасаған. Конференцияда аталған орталықтың қабылдау бөлімінің меңгерушісі, балалар хирургы Мейіржан Бекетұлы Құрманалиев және С.Д.Асфендияров атындағы ҚҰМУ К.С.Ормантаев атындағы балалар хирургиясы кафедрасының ассистенті, балалар хирургы, дәрігер Дархан Жақанұлы Қуатбеков баяндама оқыды.
Екі күнге созылған конференция барысында балалар хирургиясының өзекті мәселелері талқыланды. Олар: «Балалардағы өт жолдарының ақаулары», «Эхинококкозды хирургиялық емдеудің заманауи тәсілдері», «Гиршспрунг ауруын хирургиялық емдеудің нәтижелері», «Балалар хирургы тәжірибесіндегі қан тамырлары патологиясы», «Жаңа туылған нәрестелер мен емшектегі нәрестелердің хирургиялық бөлімшесінде лимфа аномалиясын диагностикалау және емдеу», «Жамбасқа жасалған реконструкциялық операциялардан кейінгі балаларды оңалту», «Балалар хирургиясындағы заманауи технологиялар (лапаро-торакоскопия)», «Өңеш атрезиясы бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүруіне әсер ететін қауіпті факторлар», «Периоперациялық кезеңіндегі аралас эпидуральды анестезия» және т.б.

Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының хирургтары Орталық Азия, Украина, Германия, Әзірбайжан және Ресейдегі әріптестерімен тәжірибе алмасты. Конференция Ташкентте 14-15 қазанда Ташкент педиатриялық медицина институтында өтті.