Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында қуық қызметінде ауыр бұзылыстары бар балаға жоғары технологиялық ота жасалды.

12 жасар науқас хирургия бөліміне зәр шығару кезінде қатты ауырсыну, зәрдің кідіруі, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну және мазасыздық шағымдарымен түскен. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер күрделі диагноз қойды: зәр шығару жүйесінің туа біткен ақауы, гипорефлекторлық типтегі нейрогенді қуық, екі жақты несепағардың нейробұлшықеттік дисплазиясы және қуық дисфункциясы. Бұған дейін науқас уретероцистонеостомия операциясын өткерген.

«Қуықтың жұмысын бақылауды қалпына келтіру үшін біз сакралды нейромодуляция әдісін қолдандық. Ота барысында кіші жамбас аймағындағы сакралды жүйке өріміне пункциялық әдіспен электрод енгізіліп, тері астына нейростимулятор орнатылды. Құрылғы генераторы әлсіз электр импульстарын жіберіп, қуықтың жұмысына жауап беретін жүйкелерді ынталандырады. Бұл оның қызметін қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді», — деді нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Рахым Ахан.

Ота шамамен бір сағатқа созылды. Операцияны хирург Рахым Ахан мен анестезиолог — Нұргүл Оразбаева мамандар тобымен бірге жүргізді.

Бұл — соңғы екі жылда Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында балаларға сакралды нейромодуляция әдісін қолданудың үшінші жағдайы. Әдіс орталықтың урологтары мен нейрохирургтарының бірлескен жұмысының арқасында клиникалық тәжірибеге енгізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай заманауи технологияларды қолдану зәр шығару жүйесінің ауыр туа біткен бұзылыстары бар балаларға тиімді көмек көрсетуге және олардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Алматыда 12 жасар науқасқа қуық жұмысын реттейтін нейростимулятор орнатылды