Үш жыл бұрын жол-көлік апаты салдарынан Наргиз жамбас сүйегінен, оң жақ санынан және тізе буынынан ауыр жарақат алған. Ол кезде қыз небәрі 13 жаста болған. Дәрігерлер бар күшін салғанымен, жамбас-сан буынының қозғалыс және тірек қызметін толық қалпына келтіру мүмкін болмады.
Стационарлық ем мен үйдегі оңалту кезеңдері үш жылға жалғасты. Дәрігерлер зақымданған аяқ-қолды кезең-кезеңімен қалпына келтіріп, әр аралықта ағзаның өзіне келуіне мүмкіндік беріп, кейін емнің келесі кезеңіне көшіп отырды.
«Өкінішке қарай, жол апаты салдарынан алған жарақат қыздың денсаулығына айтарлықтай зиян келтірді. Ол тек сүйемелдеумен жүретін, жүрген кезде оң аяғын сылтып басатын. Тексеру кезінде оң жақ жамбас-сан буыны аймағында орташа ісіну байқалды, қозғалыс шектелген, әсіресе аяқты жанға қарай жылжытуы қиындады. Қойылған диагноз — үш жыл бұрын алған жарақат пен сан сүйегі мойнының сынуының асқынуы ретінде дамыған сан сүйегі басының асептикалық некрозы. Бұл өте күрделі дерт: уақыт өте келе жамбас қисаюы, аяқтың қысқаруы, омыртқаның қисаюы және тұрақты ауырсыну қаупі бар еді. Науқас небәрі 17 жаста, сондықтан оның еркін қозғалуын қайта қалпына келтіру үшін бізге күрделі шешім қабылдауға тура келді. Жамбас-сан буынын толық эндопротездеуден басқа балама болмады», — деді Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматология бөлімінің меңгерушісі Бақыт Қожаханов.
Осы уақытқа дейін Алматыда балаларға ірі буындарды ауыстыру операциясы жасалмаған. Бұл — алматылық клиникада кәмелетке толмаған науқасқа жамбас-сан буынын эндопротездеу жасалған алғашқы жағдай. Мұндай шешім оңай қабылданған жоқ: операция алдында бірнеше консилиум өткізіліп, өзге клиникалардың мамандары шақырылды, Астана қаласындағы әріптестердің тәжірибесі зерттелді.
Операция 2026 жылдың 7 ақпанында жасалды. Ол 100 минутқа созылып, сәтті өтті. Бұл күнді Қазақстандағы балалар травматологиясы үшін маңызды кезең деуге болады.
Ота жасаған дәрігерлер тобы: Бақыт Қожахметов, Дархан Сукбаев, Болат Ермекұлы. Анестезиолог — Танжарық Бидайбай.
Операциядан кейін қыз екі апта бойы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында хирургтердің бақылауымен алғашқы оңалтудан өтті.
«Қызым 2023 жылы жол апатына түсіп, соның салдарынан оң жақ жамбас-сан буынынан ауыр жарақат алды. Алғашқы медициналық көмек облыстық ауруханада көрсетілді. Кейін біз Балалар шұғыл көмек орталығына жүгіндік, онда бізді дәрігер Бақыт Қожаханов қабылдады. Одан әрі ем балалар ауруханасында жалғасып, қызым оңалту курсынан өтті. Бастапқыдан-ақ болашақта жамбас-сан буынын ауыстыру қажет болуы мүмкін екенін ескерткен еді. Алайда жағдайдың соншалықты тез нашарлайтынын ешкім күтпеді. Кейін жарақаттан кейінгі коксартроз диагнозы қойылды. Балалар шұғыл көмек орталығының ұжымына үлкен алғыс айтқым келеді. Операцияны жедел ұйымдастырып берді, ол 7 ақпанда сәтті өтті. Отаға дейін асқынулар салдарынан сан сүйегі қатты зақымданған еді. Сонымен қатар аяқ ұзындығында айырмашылық болып, жамбас айқын қисайған. Қазір жағдайы айтарлықтай жақсарды: аяқтарының ұзындығы теңесті, қызым қазірдің өзінде жүріп жүр, қалпына келу жалғасуда. Қазір үйдеміз, алда — оңалтудың келесі кезеңі күтіп тұр», — деді жасөспірімнің анасы Дарина.
