АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАРҒА ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНДА НЕОНАТОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІ ЖҰМЫС ІСТЕЙ БАСТАДЫ
Алматы қалалық Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының (БЖМККО) базасында жаңа туған нәрестелерге реанимациялық жағдайда күтім көрсетуге арналған мамандандырылған бөлім ашылды. Бұл туралы Орталық директоры Әлібек Смағұлов 2025 жылғы қызмет қорытындыларының таныстырылымы барысында мәлімдеді. Есеп Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде ұсынылды.
2025 жылдың қыркүйегінен бастап Орталық құрылымында шұғыл тәртіппен жеткізілетін нәрестелерге көмек көрсететін 16 орындық неонатология бөлімшесі жұмыс істейді. Бөлім құрамында реанимациялық шаралар аяқталғаннан кейінгі кезеңде, соның ішінде ерте оңалтуды қамтитын, мамандандырылған ем жүргізуге арналған қарқынды терапия палатасы бар. Үш ай ішінде 103 жаңа туған балаға медициналық көмек көрсетілді.
Жыл бойы орталықта 235 жаңа туған нәресте ем қабылдады. Олардың 52-сіне туа біткен даму ақауларына байланысты көрсеткіштер бойынша хирургиялық көмек көрсетілді. Пациенттер санының артуы және клиникалық мүмкіндіктердің кеңеюі жаңа бөлім ашуға әрі медициналық көмек бейіндерін ұлғайтуға негіз болды.
2025 жылдан бастап Орталықта 0-ден 18 жасқа дейінгі пациенттерге арналған 12 төсектік оториноларингология және жақ-бет хирургиясының тәулік бойы жұмыс істейтін бөлімшесі қызмет көрсетуде. Алғашқы бес айда мұнда шұғыл және жоспарлы тәртіпте 83 науқас ем алды. Жаңа бөлімшелердің ашылуы медициналық көмектің сабақтастығын нығайтып, мекеменің даму жоспарларының орындалуын қамтамасыз етті.
Жыл бойы орталықта 140 658 бала емделді. 2024–2025 жылдар аралығында жүгінулер саны 22,5 пайызға артты.
Жоспарлы түрде қабылданған пациенттердің географиясы Қазақстанның барлық өңірлерін қамтиды: еліміздің әртүрлі облыстарынан келген 1 500-ден астам балаға мамандандырылған хирургиялық және консервативтік көмек көрсетілді. Олардың 976-сы негізгі бейіндер — офтальмология, комбустиология және урология бойынша ем алды. Ең жоғары жүктеме офтальмология саласына тиесілі болып, 791 пациентті құрады.
Орталық еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындары үшін клиникалық база ретіндегі қызметін жалғастыруда. Мұнда С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, Қазақстан-Ресей медицина университетінің және Республикалық медициналық колледждің мамандары тәжірибеден өтеді.
2025 жыл БЖМККО үшін халықаралық ынтымақтастықтың белсенді кезеңі болды. Мекемеде нейрохирургия, офтальмология, травматология және урология бағыттары бойынша шетелдік мамандардың қатысуымен бірқатар шеберлік сыныптары өткізілді. Білім беру бағдарламалары аясында 100-ден астам балаға операция жасалып, олардың барлығы сәтті аяқталды.
Басқару тиімділігін арттыру мақсатында заманауи ақпараттық жүйелер енгізілді: InfoLab зертханалық жүйесі, DamuMED медициналық жүйесі, AltynPacs бейнелерді беру жүйесі, электрондық құжат айналымы және статистикалық модульдер. Цифрлық шешімдер кешені шығындарды азайтуға және клиникалық процестерді оңтайландыруға бағытталған.
2025 жылы клиникада дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды дербестендірілген есепке алуды қамтамасыз ететін госпитальдық фармация бөлімшесі іске қосылды. Мекеме дәріханалық қызметтің тиісті халықаралық стандарттарына сәйкестігін растайтын GPP сертификатын алды.
Мекеменің жоғары нәтижелері ұлттық деңгейде де лайықты бағаланды. Орталық аккредиттеу стандарттарына толық сәйкестігін растайтын, жоғары санат берілген куәлікке ие болып, Қазақстандағы «Жылдың үздік балалар стационары» деп танылды. Марапатты ұжымға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова табыстады.
Қорытындылай келе, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру, көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейту және пациенттердің қанағаттану деңгейін өсіру бағытында жүйелі жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.













