2024 жылы тамыздың басында Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына велосипедтен темір қоршауға құлап ауыр жарақат алған 2015 жылы туған бала түсті. Баланың жағдайы өте ауыр болды: оның трахеясы мен қалқанша безі зақымданып, төменгі жақ сүйегінің артқы қыртыстық табақшасының қозғалғыштығы бұзылды, бетінің шырышты қабаты мен мойынның жұмсақ тіндері зақымдалған болатын. Ал мойын мен ауыздағы шаншылып-тілінген жарақаты тыныс алу жолының қызметін бұзу қаупін тудырды.
Балаға Орталықтың жетекші хирургтары Аида Уразаева мен Мейіржан Құрманалиев шұғыл түрде ота жасады. Бір жарым сағат бойы дәрігерлер бүлінген мүшелерді қалпына келтіру бойынша күрделі ота жасады, оның барысында баланың денесінде қалған шарбақтың 10 сантиметрлік ұшын алып тастады. Хирургиялық топ органдардың қызметін сақтап, баланың толық сауығуын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
Орталық мамандарының бір апталық қарқынды терапиясы мен күтімі оң нәтиже берді: баланың жағдайы тұрақталып, ол тамыздың 9-ында қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылды. Тігістер алынып, жаралар жазылды, барлық органның қызметі толығымен қалпына келтірілді. Қазір бала тұрғылықты жері бойынша емханада амбулаторлық бақылауда.
Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жақ-бет хирургиясы 2024 жылдың басында жақ-бет хирургиялық патологиясы бар науқастарға мамандандырылған төсек-орын ашылған кезден бастап қызмет көрсетеді. Бұл жоғарыда аталғандай күрделі жарақаты бар балаларға тез және тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді және олардың денсаулығы мен болашағы үшін өте маңызды.
Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев Орталықтағы жақ-бет хирургиясының мүмкіндігін кеңейту қала балаларына медициналық көмек көрсету сапасын арттырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Біз кішкентай пациенттеріміздің денсаулығы мен әл-ауқаты үшін маңызды болып табылатын жылдам, сапалы медициналық көмек көрсете алатынымызға қуаныштымыз», — деп қосты ол.
Бұл оқиға Алматыда балаларға көрсетілетін медициналық көмектің жоғары деңгейін және адам өмірін сақтап қалуда соңғы медициналық технология мен мамандар тәжірибесінің маңыздылығын көрсетеді.