Салмағы 4 кг шақалақ құйымшақ түбінде үлкен ісікпен дүниеге келген. Патологияның бұл түрі қатерлі емес, бірақ өмірдің алғашқы айларында қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Сәби туғаннан кейін бірден перзентханадан Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөліміне ауыстырылды, отаға толық дайындық жасалғаннан кейін өмірінің екінші күнінде неонатальды хирургтар ісікті алып тастады.
«Бала ауруханаға тірек-қимыл аппаратының туабіткен кемістігі — үлкен қатерсіз ісік — сегізкөз-құйымшақ аймағының тератомасымен түсті. Ісік сүйек тінінен, жұмсақ тіннен және кистозды қуыстан тұрды. Ота сәтті өтті. Көбіне ісік алып тасталғаннан кейін ота жасалған аймақтың пластикалық хирургиясында қиындықтар туындайды, бұл ретте бәрі сәтті өтті. Менің ойымша, біз пластикалық отаны сәбиге болашақта ыңғайсыздық тудырмайтындай етіп жасай алдық. Бала аман-есен үйіне шығарылды», — дейді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының хирургі Жалғас Құниязов.
Ота 75 минутқа созылды. Хирург және реаниматолог мамандар бригадасының тынымсыз еңбегінің арқасында бала салмағы 1 кг сүйек-кистозды масса болатын алып ісіктен құтылды.
«Сегізкөз-құйымшақ тератомасы — неонаталды кезеңде балаларда жиі кездесетін ісік. Ол құрсақта қалыптасады және нәрестемен бірге өседі, кейде ұрықтан даму үшін маңызды дәруменді алып қояды. Біздің жағдайда түзілім 14*20 см-ге дейін өсті, тератома толығымен жойылды, баланың жағдайы қанағаттанарлық және ол үйге шығарылды. Біздің Орталық айына 100-ге жуық жаңа туған нәрестеге ота жасайды. Жағдай айтарлықтай ауыр. Туа біткен ақауларға ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді: экология, климат, тұқым қуалаушылық, жұқпалы аурудың барлық түрлері. Кемшіліктің айқын себебінің бірі әйел жүкті кезінде ауыратын вирустық инфекция екеніне көз жеткіздік», — дейді іріңді-торакалды хирургия және неонаталдық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы іріңді-торакалды хирургия және неонаталдық хирургия бөлімшесі 30 төсек-орынға есептелген. Мұнда еліміздің барлық аймағынан ата-аналар балаларын емдетуге әкеледі.

АЛМАТЫЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ЖАҢА ТУҒАН СӘБИДЕН 1 КЕЛІ ТУАБІТКЕН ІСІКТІ АЛЫП ТАСТАДЫ