Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері ата-аналарға тағы да қатаң ескерту жасайды: магнитті шариктер мен ұсақ магнит бөлшектері кішкентай балалар үшін өлімге әкелуі мүмкін аса қауіпті заттар.

Бұл жолы да тағы бір шұғыл операция сәби жұтып қойған магнитті шариктерді алып шығу бойынша жасалды. Науқастың жасы екіге де толмаған. Орталықтың қабылдау бөліміне 1 жас 9 айлық бала өте ауыр жағдайда жеткізілген.
Тексеру барысында дәрігерлер баланың жағдайы не себепті күрт нашарлағанын анықтады. Нәтижесіндебаланың ішегінде 31 бөгде зат, яғни ойыншық магниттердің тұрып қалғаны белгілі болды. Балаға жіңішке ішектің көптеген жерден тесілуі және жайылмалы нәжістік перитонит диагнозы қойылды.
Баланың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы — шұғыл хирургиялық араласу болды.
Дәрігерлер ортаңғы лапаротомия жасап, құрсақ қуысы ағзаларына толық тексеру жүргізді. Хирургтер ішектен 31 магнитті алып шықты, жіңішке ішектегі көптік тесіктерді тікті, құрсақ қуысын тазалап, дренаж орнатты, сондай-ақ ішекке трансаналдық интубация жасады.

«Магниттердің қауіптілігі — олар ағзаға бөлек-бөлек түскенімен, ішекте бір-біріне тартылып жабысады. Екі магниттің арасында ішек қабырғасы қысылып, қан айналымы бұзылады. Соның салдарынан тіндер жансызданып, тесіктер пайда болады. Санаулы сағаттың ішінде перитонит дамуы мүмкін. Көп жағдайда ата-аналар баланың жағдайы қаншалықты тез нашарлайтынын аңғармай қалады», — дейді Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының хирургі Асқар Ризванов.

Тіпті бір ғана жұтылған магниттің өзі — дереу дәрігерге қаралуға себеп. Ал бірнеше магнит — баланың өміріне тікелей қатер.
Дәрігерлер ата-аналардан балаларды магнитті ойыншықтардан, магнитті шариктерден және құрамында ұсақ магниті бар кез келген заттардан алыс ұстауды қатаң сұрайды.

Қауіпті ойыншықтар: хирургтер баланың ішегінен жұтып қойған 31 магнитті алып шықты