С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар хирургы және анестезиолог-реаниматологтарынан құралған бірлескен команда Алматы қаласының Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығымен бірге 10 және 7 жастағы балаларға аса күрделі екі бірегей операция жасады. Операцияларды ҚазҰМУ Педиатрия мектебінің деканы, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты балалар хирургы Расулбек Аипов басқарды. Клиника ұсынған мәліметке сәйкес, мұндай көлемдегі реконструкциялық көмек елімізде алғаш рет көрсетіліп отыр.

«Біз өте сирек кездесетін екі патологияға кезіктік, мұнда кез келген қателіктің құны өте жоғары. Негізгі рөл көпсалалы жоспарлауға және кезең-кезеңмен жүргізілген тактикаға тиесілі болды: біз мүмкін болған жағдайда ағзаны сақтайтын және аз инвазиялық әдістерді қолдандық, нәтижесінде анатомиялық әрі функционалдық толыққанды қалыпқа келтірдік. Екі операция да жоспар бойынша өтті, балалардың жағдайы тұрақты; ұсыныстар толық сақталса және тұрақты бақылау жүргізілсе, болжамды біз оптимистік деп бағалап отырмыз», – деді Расулбек Аипов.

Дәрігерлер 10 жастағы пациентке ішек пен несеп-жыныс жүйесінің сирек кездесетін туа біткен ақауын — 4-ші дәрежелі персистирлеуші клоаканы жойды. Операция барысында несеп және жыныс жолдары, тік ішек кешенді түрде қайта қалпына келтірілді. Жыныс жолдары науқастың өз ішек тіндері негізінде қалыптастырылды. Мұндай патология шамамен 250 000 жаңа туған сәбидің бірінде ғана кездеседі және әдетте ірі халықаралық орталықтарда жасалады. Ота 10 сағаттан аса уақытқа созылып, баланың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр, ол ауруханадан шығаруға дайындалуда.

Екінші пациентке Пейтц—Егерс синдромына тән диффузды полипоз диагнозы қойылған — бұл өте сирек генетикалық дерт, оның таралу жиілігі 250 000–300 000 адамның бірінде кездеседі.

БШМККО мамандарымен бірлесе отырып және медициналық техника компаниясының өкілі В. Исаковтың қатысуымен жеке диагностикалық және емдеу бағдарламасы әзірленді. Капсулалық эндоскопия полиптердің санын, көлемін және орналасуын нақтылауға мүмкіндік берді, олардың кейбірі 4 см-ге дейін жетіп, ішектің саңылауын бітеп қалған. Эндоскопистер мен балалар хирургы бірлесе отырып, эндоскопиялық әдістер мен дәстүрлі хирургияны үйлестіріп, асқазаннан, жіңішке және жуан ішектен 12 полипті ішек саңылауын ашпай-ақ алып тастады. Бала амбулаторлық ем қабылдау үшін үйіне шығарылды.

Клиника өкілдері екі операцияның да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) аясында жасалғанын атап өтті. Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы ата-аналарға көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіріп, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-пен бірлескен жұмысты жалғастырып, балалардың жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділігін одан әрі арттыруға ниетті екенін жеткізді.

Қазақстанда алғаш рет балаларға арналған екі бірдей бірегей операция жасалды