Алматы тұрғындары 1312 жедел желісіне хабарласып, кене энцефалитіне қарсы вакциналау мәселелері бойынша кеңес алып, кене шаққан жағдайда қайда жүгіну керек екені туралы ақпарат ала алады. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Мамандардың айтуынша, кене шаққаннан кейін алғашқы 96 сағат ішінде медициналық көмекке жүгіну қажет — дәл осы кезеңде кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу ең тиімді болып саналады.

Басқарма мәліметінше, шұғыл көмек — кенені алып тастау және иммуноглобулин енгізу — қалалық ауруханалардың травматологиялық пунктерінде көрсетіледі.

Алмалы және Бостандық аудандарының тұрғындары Жандосов көшесі, 6 мекенжайындағы Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жүгіне алады.

Түрксіб және Жетісу аудандарының тұрғындарына Папанин көшесі, 220 мекенжайындағы №4 қалалық клиникалық ауруханада көмек көрсетіледі.

Әуезов, Алатау және Наурызбай аудандарының тұрғындарын Қалқаман ықшамауданы, 20 мекенжайындағы №7 қалалық клиникалық аурухана қабылдайды.

Медеу ауданының тұрғындары Қазыбек би көшесі, 96 мекенжайы бойынша орналасқан Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жүгінуі тиіс.

18 жасқа дейінгі балаларға шұғыл профилактика, соның ішінде иммуноглобулин енгізу, тұрғылықты ауданына қарамастан Манас көшесі, 40 мекенжайындағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жүргізіледі.

Кене энцефалитінің алдын алудың ең сенімді тәсілі — вакциналау, оны Алматы қаласының емханаларында алуға болады.

Қазір қала емханаларында 16 жастан асқан адамдарға арналған «ТикоВак» вакцинасы қолжетімді. Сонымен қатар медициналық ұйымдарда кене шаққаннан кейін шұғыл профилактика жүргізу үшін вакцина мен иммуноглобулиннің қажетті қоры бар.

Егер кене шағуы орын алған болса, иммуноглобулин енгізу арқылы шұғыл профилактика жүргізіледі.

1312 жедел желісі: алматылықтар вакциналау және кене шағуы бойынша кеңес ала алады