Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсету: «Қалта анықтамалығындағы» практикалық ұсынымдар» атты үш күндік оқу басталды.
Оқу әмбебап прогрессивті патронаждық қызмет көрсету және балалар ауруларын ықпалдастыра жүргізу бағдарламаларын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр.
Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы жанынан Алматы қаласы Балалар ауруларын ықпалдастыра жүргізу бағдарламасы бойынша үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Бүгінде осы орталықта қалалық емханалардың 118 медицина қызметкері оқып шықты.
Бұл жолғы оқуға қалалық емханалардан 30 медицина қызметкері — дәрігерлер мен орта буын медицина мамандары қатысып отыр.
Курсты медицина ғылымдарының кандидаты, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы кафедрасының доценті, дәрігер-пульмонолог, педиатр, аллерголог Ажахметова Мира Зекеновна жүргізеді.
Оқу барысында медицина қызметкерлері әр жастағы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету дағдыларын жетілдіреді. Әсіресе бала үшін қауіпті белгілерді дер кезінде анықтауға және медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету кезінде қандай әрекет жасау керек екеніне баса мән беріледі.
Мамандар патронаждық медбике баланы қарау кезінде қандай белгілерге назар аударуы керек екенін, учаскелік бригаданың дене қызуы көтерілген балаға алғашқы көмекті қалай көрсететінін, сондай-ақ тыныс жолына бөгде зат түскенін қалай анықтауға және оны тыныс алу ағзаларының ауруларынан қалай алуға болатынын талдайды.
Бұдан бөлек, оқу барысында түрлі клиникалық жағдайлар қарастырылып, жарақат алған балаларға көмек көрсету жолдары тәжірибе жүзінде меңгеріледі.








