Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында бесінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған төрт жасар балаға жасалған аса күрделі нейрохирургиялық ота сәтті өтіп, бала аман қалды.

Кішкентай науқас аурухананың қабылдау бөліміне шұғыл түрде жеткізілді. Жан-жақты тексеру нәтижесінде дәрігерлер оған көптеген ауыр жарақатпен қатар, бірінші бел омыртқасының ығысуымен болған компрессиялық сынуы және жұлынның жарақат салдарынан қысылуы диагнозын қойды.

Баланың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер екі кезеңнен тұратын хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылдады.

Алғашқы кезеңде жұлынның қысылуы мен жамбас ағзалары қызметінің бұзылуына байланысты нейрохирургия бөлімінің мамандары жоғары технологиялық ота жасады. Бөлім меңгерушісі Нүсіпқожаев Айдын Ізтілеуұлы нейрохирургтер Ибрагимов Мұхтар Дарханұлы және Анарбай Алтай Әбдіқайымұлымен бірлесіп, бірінші бел омыртқасына ламинэктомия жасап, жұлын өзегін қысымнан босатты. Кейін транспедикулярлық бекіту жүйесінің көмегімен бел омыртқасы тұрақтандырылып, соның нәтижесінде баланың қимыл-қозғалыс және сезімталдық қызметтері сақталып қалды.

Мамандандырылған медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі және көпбейінді дәрігерлер тобының үйлесімді жұмысының арқасында баланың аман қалды. Дәрігерлердің болжамы жақсы.

«Біз баланың қимыл-қозғалыс қызметін қалпына келтірдік. Оңалту емінен кейін ол өздігінен жүре алады», — деді нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаев.

Қазір кішкентай науқастың жағдайы едәуір жақсарды. Стационарлық ем толық аяқталғаннан кейін ол әрі қарай амбулаториялық бақылау мен оңалтудан өту үшін үйіне шығарылды.

Алматыда дәрігерлер бесінші қабаттан құлаған 4 жасар баланы аман алып қалды