Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері балалар алаңындағы карусельден құлап, ауыр жарақат алған 9 жастағы баланың өмірін сақтап қалды. Бүйрегі жыртылып, ағзасынан айырылып қалу қаупі төнгеніне қарамастан, мамандар оның жағдайын тұрақтандырып, зақымданған бүйрегін сақтап қалды.
Дәрігерлердің айтуынша, бала жедел жәрдем қызметімен ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Оған бірнеше ауыр жарақат диагнозы қойылды: сол жақ бүйрегінің соғылып, жыртылуы, іш қуысының жарақаты, ішкі ағзалардың зақымдануы, жабық бас сүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы және жарақат салдарынан болған шок.
Тексеру барысында баланың ауыр ішкі жарақат алып, ішіне қан кеткені анықталды. Жағдайы өте күрделі болғандықтан, шұғыл түрде ем жүргізу қажет еді. Осыған байланысты бірнеше мәрте дәрігерлік кеңес өтіп, мамандар ота жасау жөнінде шешім қабылдады.
Алдымен балаға сол жақ несепағарына стент қойылды. Бұл ота 45 минутқа созылды. Келесі күні хирургтер бүйректегі жыртылған тұсты тігу үшін екі сағатқа созылған күрделі ота жасады. Дәрігерлердің негізгі мақсаты — баланың өмірін сақтап қалып, зақымданған ағзаны аман алып қалу болды.
Мамандар 20 күн бойы баланың өмірі үшін күресті. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмек пен дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында оның жағдайы біртіндеп жақсара бастады.
Қазір бала сауығып келеді. Ал дәрігерлер ауыр жарақат салдарынан жыртылған бүйректі сақтап қалып, сирек кездесетін нәтижеге қол жеткізді. Бұл — кәсіби шеберлік пен уақтылы қабылданған шешімнің жемісі.


