Алматыда күйік пен жарақаттың ауыр салдарын өткерген жеті балаға балаларға арналған реконструктивті-пластикалық хирургия бойынша өткен алғашқы халықаралық шеберлік сабағы аясында ота жасалды.
11-13 маусым аралығында Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының дәрігерлері Ресейден келген мамандармен бірге тыртық, деформация және қимыл-қозғалысы шектелген балаларға күрделі оталар жасады.
Ең кішкентай науқас — 3 жаста болса, ең үлкені — 17-де.
Әр баланың өз тағдыры бар. Бір бала жол-көлік апаты кезінде ауыр күйік алған: оны автокөліктің қатты қызып тұрған шығару құбыры басып қалған. Екінші бала сәби кезінде қайнаған суға күйіп қалған. Тағы бір қыз бала алақанымен отқа түсіп, соның зардабын жылдар өткен соң сезінген.
Жарақат жазылғаннан кейін балалар үшін емнің келесі әрі маңызды кезеңі басталады — буындардың қимылын қалпына келтіру, қол мен аяқ қызметін жақсарту және зақымданған жердің пішінін түзетуге бағытталған реконструктивті-пластикалық оталар.
Шеберлік сабағын өткізу үшін Алматыға Ярославль қаласынан профессор Тимур Торно келді. Ол — жоғары санатты дәрігер, реконструктивті микрохирург, қол хирургиясының маманы, балалар травматологиясы және ортопедиясы бөлімінің меңгерушісі. Шара «Милосердие» ерікті қоғамы» қайырымдылық қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Жалпы 18 бала қаралған, олардың арасында туа біткен ақауы бар, күйік салдарын өткерген және жарақаттан кейінгі деформациясы бар балалар болды. Соның ішінен жеті балаға ота жасалды.
Дәрігерлер тыртықтан пайда болған тартылуларды жойып, ірі буындардың қимылын қалпына келтірді, қол мен аяқтағы деформацияларды түзетті. Көптеген балада қалың әрі келоид тыртықтар қалыптасқан, бұл олардың еркін қимылдауына кедергі келтірген.
Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының күйік бөлімінің меңгерушісі, балалар хирургі, травматолог-ортопед әрі комбустиолог Раджи Жумадильдаевтың айтуынша, қазіргі реконструктивті әдістер мұндай балалардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
«Күйік бөлімі реанимациямен бірге күйік алған балаларға тәулік бойы шұғыл көмек көрсетеді. Негізгі ем аяқталған соң ұзаққа созылатын қалпына келтіру кезеңі басталады. Жоспарлы түрде емнің екінші және үшінші кезеңіне жататын реконструктивті-пластикалық оталар жасаймыз. Жыл сайын 230-дан астам осындай ота орындалады», — деді маман.
Қазір ота жасалған барлық баланың жағдайы қанағаттанарлық. Олар отадан кейінгі қажетті емді алып жатыр, үйге шығуға дайындалып отыр. Алда оларды оңалту кезеңі мен дәрігерлердің бақылауы күтіп тұр.
Бұл шеберлік сабағы Алматыда алғаш рет өтіп жатқан жоба болды. Ол қазақстандық дәрігерлерге күйік салдарын емдеудің жаңа тәсілдерін үйренуге мүмкіндік берді. Оқытуға Алматы, Шымкент және Атыраудан келген онға жуық маман қатысты.
Балалар шұғыл медициналық көмек орталығында реконструктивті-пластикалық хирургияны дамыту алдағы уақытта Қазақстанның әр өңіріндегі балаларға жоғары технологиялы көмекті ел ішінде көрсетуге жол ашатыны айтылды.






