Call-орталығы сапа мәселелерін, көрсетілген
қызметтерді, шағымдар мен ұсыныстарды қарайды

Педиатрияның алтын діңгегі 12 ақпан 2024


Кейбір сәбилер үшін анасының құрсағына біткен сәттен бастап жарық дүниеге келгенше күрес басталады. Дүниеге шыр етіп келген шараналардың өмірі қыл үстінде тұратын кездер аз емес. Осындай күрделі сәт туғанда Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының педиатрлары жанкештілікпен сәбилердің өмірі үшін арпалысып жатады.

Күн сайын шамамен 250-ге жуық жаны шырқыраған ең кішкентай пациент жедел жәрдеммен орталыққа жеткізіледі. Өйткені әлі ақыл-есі кірмеген ойын баласы ауыр жарақат, көкөністерді тұздайтын сірке суы қосылған суды, басқа да сұйықтықтарды ішіп қою, бөгде затты жұтып қою, улану, аппендицит немесе ауыр созылмалы кеселдердің өршуі сияқты санап тауыса алмайтын жағдайларға душар болып жатады. Бұған қоса перзентханалардан реанимобильдер де туабітті күрделі кеселдерімен туған шараналарды адам қатарына қосылып кетеді деген үмітпен шұғыл операция жасату үшін жеткізеді. Осындайда өмірге жаңа келген жұдырықтай ғана пациенттің қолы жеңіл, тәжірибесі мол мамандардың қолына түсуін Құдайдың қарасқаны деп білеміз.

Бүкіл саналы ғұмырын медицина ғылымдарын дамытуға, балаларға хирургиялық көмекті жетіл-діруге бағыштап жүрген мамандар бар. Ал сағаттарға созылған, күрделі операциялардың нәтижесінде табылған инновациялар, медициналық әзірлемелер, хирургиялық емдеудің жаңа әдістері – қарапайым адам үшін жай ғана медицинадағы жетістіктер деп аталады. Бірақ сол жетістіктің артында орасан еңбек, қателік, төгілген тер жатқанын біреуі білсе, біреуі білмес. Мысалы, Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының іріңді-торакалды және неонатальды хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, 35 жылдық еңбек өтілі бар балалар хирургі Саматбек Мырзахметті сәбилердің жебеушісі десек, әсіре сөз емес. Тіпті орталықтың өз мамандары да ол кісіні солай атайды. Мыңдаған баланың өмірін ұзартқан қарапайым ғана балалар хирургінің бойынан бірнеше қабілетті санамалап шығуға болады. Мысалы, Саматбек Мырзахмет фиброэзофагогастроскопия, бронхоскопия, фиброколоноскопия, лапароскопия, торакоскопия сияқты диагностикалық зерттеу әдістерін меңгерген. Сондай-ақ балалар мен жаңа туған нәрестелердегі кеуде және құрсақ қуысы, кіші жамбас аурулары кезіндегі жедел хирургиялық емдеу әдістерін игерген.

«Біріншіден, инновацияларды үздіксіз іздеу, білім көкжиегін ұдайы кеңейте беру қажет. Екіншіден, тәжірибені үнемі жетілдіру, үшіншіден, батылдық қажет. «Хирургтің ақылы ұшқыр, көзі өткір, қолдары батыл, жүрегі жалынды болуы керек», деген қанатты сөз текке тумаған», дейді Саматбек Әбді-манапұлы.

Кейіпкеріміз үнемі тәжірибе байытып отырғанына қарамастан, шет мемлекеттерде, Ресейде лапа-роскопиялық холецистэктомия әдісін игеріп, жаңа туған нәрес-телердегі туабітті кеселдер мен жүре пайда болған патологияны диагностикалау мен емдеу курсын зерттеуге бақандай 20 жылын жұмсаған. Оған қоса неонатальды хирургия және өңеш хирургиясы мамандығы бойынша біліктілігін арттырады. Мәселен, медицинамен бірге даму дегенге келсек, балалар хирургі травматология және ортопедия, гастроинтестинальды эндос-копия, урология бойынша тағылымдамадан өткен. Шетелдік кли-никаларда балалардың шұғыл хирургия циклі, эндоскопиялық диагностика әдістері мен жаңа туған нәрестелер хирургиясы бойынша біліктілігін арттырғанын атап өтуге болады.

«Жасөспірім кезімде Сабыр аға дейтін стоматолог болды. Сол кісі мен үшін идеал еді. Кабинетіне кіріп ұзақ уақыт оны бақылап отыратынмын. Аппақ халат кигені, жүріс-тұрысы, әр құралды ұқыптылықпен пайдалануы, атқарған ісі қатты ұнағандықтан, мен де сондай стоматолог боламын деп шешім қабылдадым. Содан стоматология факультетіне тапсырамын деп жүргенде ол жерге іріктеуден өту өте қиын болып, педиатрия факультетіне тапсыруға мәжбүр болдым. Бірақ бір жылдан кейін стоматология факультетіне ауысамын деген ой болды. Содан педиатрия факультетінің бірінші курсын бітіргеннен кейін осы оймен деканатқа бардым. Декан орынбасары ол кезде Ерболат Сәлменов деген адам еді. Ол кісі ерінбей бір сағаттай маған педиатрия мамандығының маңызы жөнінде баяндап, осы маман-дықта қалуыма себепкер болды. «Балалармен жұмыс істеу – үл-кен бақыт» дегені есімде. 5-курсты аяқтағаннан кейін мен балалар хирургиясын таңдадым», дейді дәрігер.

«Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы» ШЖҚ іріңді-торакалды және неонатальды хирургия бөлімшесіне келсек, қазір мұнда 30 төсектік орын бар. Халық бұл бөлімшенің қызметкерлерін ақ халат киген періштелер деп атайды. Осы бөлімнің мықты мамандары туралы жақсы ақпарат жұртпен тарап, емделуге, түрлі операциялар жасатуға республикамыздың басқа өңірлерінен де пациенттер келіп жатады. Айтпақшы, бізбен сұхбаттасқан күні Саматбек Әбді-манапұлы туа салысымен перзентханадан бірден орталыққа шұғыл түрде жеткізіліп, күрделі операцияны өткерген 12 күндік Жайна атты сәбиді аман-есен үйіне шығарып жатыр екен.


«Бұл нәрестенің дамуында кінәрат болып, сегізкөз-құйымшақ тератомасы деген дертпен, құйымшақ түбінде орналасқан ісіктің бір түрімен дүниеге келген. Мұндай ісік жаңа туған нәрестелерде жиі кездеседі. 10*8 см көлеміндегі ісіктің аралас түрімен туған сәбиге жарық дүниеге келгеніне үш күн ғана өткенде операция жасалды. Бәрі сәтті өтті, ісікті толығымен алып тастадық. Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Біздің орталықта айына 100-ге жуық жаңа туған нәрестеге операция жасалады. Бірақ мен кейінгі 10 жылда динамика өсті деп айтпас едім, бұрын да осындай болған. Әрбір ата-ана аурудың себебін білгісі келеді, туабітті дертке ішкі және сыртқы факторлар, экология, климат, тұқым қуалаушылық, жұқпалы аурулардың барлық түрі әсер етеді. Баланың дамуындағы ауытқулардың пайда болуына әйелдің жүктілік кезінде жұқтырған вирустық инфекциялары да себепші болатынына әбден көз жеткіздік», дейді С.Мырзахмет.

Дәрігерді тәуліктің кез келген уақытында клиникаға шұғыл шақыртуы мүмкін. Саматбек Әбдіманапұлын түн ортасында ауруханадан, таңертең операция бөлмесінен кездестіруге болады.

«Науқас баланың жанында күндіз-түні болу – біздің кәсібіміз. Балаға тек көмек керек. Мәселен, опера-циялық немесе консервативті емдеу мәселесіне қатысты сұрақтар туындаған кезде науқастың қасында жүріп оны бақылауда ұстау қажет. Әрине, мен әрбір пациентім үшін уайымдаймын. Операция сәтті өтсе, қуанамын. Нәрестенің тез сауығып үйіне қайтуы, ата-анасымен қауышуы – біз үшін орасан бақыт. Операция алдында ұйықтай алмай, операция барысын, іс-қимылдарды ойлап жатамын. Сосын күрделі операциядан кейін де дұрыс жасадым ба, баланың жағдайы қалай екен деген ойлар мазалап, екі-үш тәуліктей ұйықтай алмай жүремін. Біз, хирургтер баланың әке-шешесінен де қатты уайымдаймыз, өйткені сәбиді операцияға алып кеткеннен бастап оның өміріне жауапты екенімізді түсінеміз», деді ол.

«Алғашқы қадам алдағы жолыңды анықтайды» деген сөз бар. Сол алғашқы қадамдарды жасауға ұс-таздар септесетін болса, өз кезегінде Саматбек Әбдіманапұлы да – балалар хирургтерінің тұтас буынын тәрбиелеп шығарған маман. Мысалы, медициналық ортада мойындалған екі жаңа жұлдыз балалар және неонатальды хирургтері Жалғас Куниязов пен Мейіржан Құрманалиев – Саматбек Әбдіманапұлы мақтан тұтатын ізбасарлары.



Кешегі майдангердің отбасында дүниеге келген кенже бала өз ұстаздары туралы былай дейді: «Бізге мықты мамандар тәлім берді. Меңгерушіміз Валерий Катаев өте білімді, сауатты, тәжірибелі, жауапкершілігі мол кісі еді. Валерий Борисович әділдігімен, үлкен адамгершілік сияқты ізгі қасиет-терімен дараланып тұратын. Көп жылдық тәжірибесі мен абырой-беделіне қарамастан, үнемі оқып, ізденіп жүретін, бізді де осыған үйретті».

Сөз соңында айтарымыз, айына кемі 100 шақты балаға операция жасайтын Саматбек Мырзахмет сынды мамандар мыңдаған сәбиді ажалдан арашалап отырған отандық медицинаның алтын бір діңгегі десек те жарасады.


Көзі: Egemen Qazaqstan