Call-орталығы сапа мәселелерін, көрсетілген
қызметтерді, шағымдар мен ұсыныстарды қарайды

Жеткізіп үлгермеді, бірақ сақтап қалды: тұншығып жатқан екі жасар баланы Алматы екі ауруханасының дәрігерлері аман алып қалды. 16 ақпан 2024


Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының (БШМККО) реанимациялық бригадасы екі жасар балаға өзі барды. Қарбалас уақытта жедел жәрдем бригадасы тұншығу ұстамасы ұстап қалған баланы балалар ауруханасына алып бара жатқан. Сәбидің жағдайы нашарлай бастағанда дәрігерлер уақытты босқа өткізбей, жақын маңдағы Қазыбек би көшесіндегі Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) апаруды ұйғарды.

Келген бойда нәресте дереу аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылды, реаниматологтар Геймлих айласын қолданып, бөтен денені алып тастауға бірнеше рет әрекеттенді, өкінішке қарай, нәтиже болмады.

ҚЖШККА директорының орынбасары Ермек Желдібаевтың айтуынша, кішкентай науқастың өмірін аман алып қалу кезінде ұжым қиындыққа тап болған. Ересектер ауруханасы болғандықтан сәби үшін қолайлы бронхоскоптың болмауына байланысты оған бронхоскопия жасау мүмкін болмады.

Баланың жағдайы нашарлап, қанығуы төмендеп, бала көгере түскенде, реаниматологтар Нұрлан Рсалиев, Мамыржан Юлдашев және хирург Бақтияр Галиев шұғыл түрде интубация жасады. Интубация кезінде тыныс алу жолдары ашылды, осылайша балалар ауруханасынан дәрігерлер келгенше баланың жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік туды.

БШМККО мамандары келгеннен кейін бронхоскопия көмегімен баланың тыныс алу жолдарынан бұршақ алынды. Науқастың жағдайы тағы бірнеше сағат ҚЖШККА жансақтау бөлімінде тұрақтандырылды, содан кейін бала одан әрі емделу үшін БШМККО-ға жіберілді.

«Бұршақты шығарып алу оңай емес, бұл негізінен бронхоскопияның көмегімен жасалады, - деп түсіндіреді Ермек Желдібаев. – Балалар ауруханасының мамандары келгенге дейін біздің дәрігерлер дер кезінде көрсеткен көмектің және Балалар ауруханасының дәрігерлерінің «ересектер» ауруханасы жағдайында кәсіби түрде бронхоскопия жасауының арқасында, екі аурухана дәрігерлерінің бірлесіп үйлестірілген жұмысының арқасында бала аман қалды. Бәріміз сәбиге алаңдап, оның жағдайы туралы жаңалықты қадағаладық, оның үйге шығарылғанын естіп қуанып отырмыз».

Балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев мұндай ересектер мен балалар ауруханалары мамандары шұғыл жағдайда науқасты құтқарған жағдай жылына 2-3 рет болатынын айтады.

«БШМККО қабылдау бөліміне «103»-тен: «Науқас 2 жаста, аспирациялық синдром, реанимациялық бригаданы дайындаңыз» деп қоңырау шалынды. Қабылдау бөлімінде 7 маманнан тұратын бригада күтіп отырған. Шамамен 30 минут өтті, баланы әлі жеткізбеді: «Бізге жеткізуге уақыты болмады ма?!», «Бала аман ба?» деген сқрақтар туындады. Біз 103-ке өзіміз қоңырау шалдық, олар науқасты жақын маңдағы ауруханаға апаруды ұйғарған екен – уақыт өтіп жатты. Команда тез жиналып, 15 минут ішінде ҚЖШККА-ға жетті. Келгеннен кейін біздің топ бронхоскопия жасап, тыныс алу жолдарынан бұршақты шығарып тастады. Екі аурухананың жедел әрекетінің арқасында сәби аман қалды», - дейді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев.

БШМККО дәрігерлері 2024 жылы бір жарым айдың ішінде тыныс жолдарында бөгде зат бар 10 науқасты аман алып қалды. Олардың барлығы 1 мен 3 жас аралығындағы бала.

Мамандар ата-анадан барынша сақ әрі мұқият болуды және сақтық шараларын сақтауды сұрайды.