Call-орталығы сапа мәселелерін, көрсетілген
қызметтерді, шағымдар мен ұсыныстарды қарайды

Алматылық нейрохирургтер омыртқасы сынған жасөспірімді мүгедектіктен аман алып қалды. 22 ақпан 2024


14 жастағы науқас Алматы қаласы Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығына (БЖМККО) құлау салдарынан алған омыртқа жарақатымен түсті.

Дәрігерлер оған біріктірілген жарақат, жабық бассүйек-ми және жұлын жарақаты, сондай-ақ L II омыртқасының (бел) компрессиялық ұсақталған тұрақсыз сынуы диагнозын қойды.

«Консервативті емдеу кезінде баланың омыртқа бағанының деформациясы және ұзақ төсекке жатып қалу қаупі болды, омыртқасы өмірінің соңына дейін тұрақсыз болып қалар еді. Ал кез келген шағын ғана жүктеме не жарақат қайтымсыз зардаптарға әкелуі мүмкін еді. Сондықтан біз тері арқылы бекіту әдісіне жүгінеміз деп шештік. Омыртқа тұрақтандырылды. Емдеуден кейін науқас үйіне шығарылып, аяғын басып кетті», - дейді БЖМККО нейрохирургі Айдын Нүсіпқожаев.

Балалар нейрохирургтары «Бел омыртқаға транспедикулярлық құрылымымен тері арқылы спондилодез» отасын жасады (яғни, бел омыртқасын металл құрылыммен тері арқылы бекіту).

Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Бала аяғын өзі басып үйге қайтты әрі балдақсыз не арбасыз өзі жүретін болады.



БЖМККО нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұхтар Ибрагимов атап өткендей, бұрын бұл әдіс тек ересектер нейрохирургиясында қолданылған болатын. Бұл жағдайда балалар хирургтары, травматологтар және нейрохирургтер жарақат баланың мүгедектігіне алып келмеуі үшін бел аймағын металл конструкциямен тері арқылы бекітуге жүгінуді шешті.

Айтпақшы, сәтті жасалған отадан кейін БЖМККО дәрігерлері басқа науқастың да омыртқасын дәл осылай бекіткен.